Оралда ашылған бургерхана қалай Алматы мен Астанаға жетті: PLAN B негізін қалаушы Ілдар Бисенғалиевтің оқиғасы

Жарияланды:
21 қазан 2026
weproject.media мен «Город24» Wolt-пен бірлесіп, Қазақстан қалаларының гастрономиялық өміріне үлес қосып жүрген рестораторлар туралы сұхбаттар сериясын жалғастырады. PLAN B шағын бургерхана ретінде Оралда ашылды. Бүгінде оның Алматы мен Астанада да орындары бар, ал компания франшизасын дамытып жатыр. Жобаның негізін қалаушы Ілдар Бисенғалиев алғашқы айлардағы қиындықтар, жаңа қалаларға шығу, Wolt-пен жұмыстың нәтижесі және қазір неге әр нүктенің тиімділігіне көңіл бөліп отырғаны туралы айтып берді.
Ілдар Бисенғалиев, 37 жаста, оралдық, PLAN B негізін қалаушы IT саласынан бургерханаға Мен Оралда туып-өстім. Мейрамхана ісіне IT саласынан келдім. Бұрын көлік жуатын орындарды табуға арналған қосымша жасаған едім, бірақ ол жүрмеді. Басты қателігіміз — сол орындардың өзінен пікір сұрамағанымыз. IT саласында жұмыс істегенде өніміңді пайдаланатын адамдардың ойын тікелей білу әрдайым оңай емес. Ал тамақтану саласында жауапты бірден көресің: қонаққа тағам ұнады ма, ұнамады ма — көп күтпейсің. Ол кезде бір досыма дұрыс тамақтану сервисін дамытуға көмектесіп жүрдім. Бургерхана ашу идеясын да сол досым айтты. Маған осы форматтың қарапайымдылығы ұнады. Шағын орын ашып, мәзірді бір негізгі тағамның төңірегінде құруға болады. PLAN B қалай басталды PLAN B идеясы 2018 жылы қалыптасты. Сол жылы Оралға көшіп, ата-анамның шағын асханасын дамытуға көмектестім. Сонда тағам сапасының аспазға қарай өзгеріп кететінін көрдім. Әсіресе өңірлерде бұл жиі кездеседі. Өз орнымды ашсам, асүйдегі жұмысты өзім де меңгеруім керек деп шештім. Сөйтіп, зерттеуге кірістім: Қазақстандағы бургерханаларды араладым, Мәскеу мен Алматыға бардым, түрлі жобаларды көрдім. Өзіме қандай орын ашқым келетінін біртіндеп түсіне бастадым. Оралдан қолайлы орын табу қиын болды. Ақырында ата-анам өз дүкендерінің ғимаратын берді. Дизайнын жасатып, жөндеу жүргіздім. Ақ плитка, иілген ағаш орындықтар, мәрмәр үстелдер таңдадық. Ол кезде Орал үшін мұндай интерьер тосындау еді. 2018 жылдың желтоқсанында ашылмақ болдық. Бірақ электр қуатына деген қажеттілікті дұрыс есептемеппін. Досымнан бір миллион теңге қарыз алдым, оның 700 мың теңгесі электр сымдарын тартуға кетті. Сөйтіп, тек 2019 жылдың қаңтарында ашылдық. Алғашқы кезде қиын болды. Кассалық түсім шамамен 15 мың теңге ғана, келетіндер негізінен достарымыз бен анамның құрбылары еді. Бірақ мені қуантқан бір нәрсе болды: қонақтар қайта келетін. IT саласында клиентті сақтап қалудың қаншалықты маңызды екенін білетінмін. Сондықтан кассадағы қызметкерлерден үнемі: «Бұлар бұрын келген бе?» — деп сұрайтынмын. Олар үш қонақтың екеуі қайта келіп, қасына достарын ертіп жүретінін айтты. Сол кезде тағамымыз адамдарға ұнайтынын түсіндім. Бізге тек көбірек адамға танылу керек еді. Бір күні аспазымыз бүкіл асүй командасын жұмыстан шығарып, өзі де кетіп қалды. Жүкті әйелім екеуіміз асүйге өзіміз кірістік. Мен тоқаш пісіруді, ет дайындауды, котлет жасауды білетінмін. Асүйде екеуіміз жұмыс істедік, кассада екі қызметкер қалды. Кейін кассаға да өзім тұрдым. Бұрын тағамың дәмді болса, қалғаны өзінен-өзі реттеледі деп ойлайтынмын. Қонақтармен күнде сөйлескен соң олай емес екенін түсіндім. Мейрамханада қызмет көрсету де тағамның өзі сияқты маңызды. Адамдарды мұқият тыңдап, пікірлеріне мән бере бастаған кезде ісіміз де тез алға басты. Үнемі жаңа нәрсе сынап көрдік: сусындар әкелдік, тоңазытқыштар қойдық, Алматыдан комбуча жеткіздік, интерьердегі ұсақ-түйекті өзгертіп отырдық. Қонақтар «Келген сайын бірдеңені жаңартып қоясыңдар» деп күлетін. Кейін сыртта отыратын орын ашып, көшеге Еуропа қалаларындағыдай пианино қойдық. Көп адам ойнады, кейін оны түрлі түске бояп шықты. Алматы мен Астанаға шығу Алматыда PLAN B ашуды бұрыннан армандадым. Қалаға жиі барып, жаңа орындарды аралайтынмын. Ондағы мейрамхана ісінен көп шабыт алдым. 2023 жылы «Платформада» ашылдық. Біз үшін үлкен қадам, тәуекелі де аз емес еді. Ауқымды жарнама жасамасақ та, алғашқы айлар жақсы өтті. Келушілер көп болды, үлгеріп қызмет көрсеттік. Айналамыздағы біраз корнер жабылып жатқанда, біз жұмысымызды жалғастырдық. Осыдан кейін PLAN B Алматыда да өз орнын таба алатынына сенімім артты. 2025 жылдың сәуірінде MEGA-ның үшінші қабатында тағы бір орын аштық. Алғашқы үш ай шығынмен жұмыс істедік. Содан кейін жарнамаға көбірек көңіл бөліп, орнымызды келушілерге байқалатындай еттік. Қазір көрсеткішіміз өсіп келеді. Астанадағы жағдай басқаша өрбіді. Ондағы PLAN B әуелде франшиза арқылы ашылған, бірақ серіктестік ойдағыдай болмады. Кейін иесі орынды өзіме алуды ұсынды. Сөйтіп, Астанадағы бургерхана да өз қарамағымызға өтті. Біз жеті жылдан бері смэш-бургер жасап келеміз. Бұрын оны қалай дайындайтынымызды көп айта бермейтінбіз. Алматыға келген соң осы ерекшелігіміз туралы ашық айта бастадық. Жеті жылда бір нәрсеге көзім жетті: біздің басты күшіміз — сапаны бір қалыпта ұстай алатынымыз. Әлемді көп аралаймын, біздікінен де қатты ұнаған бургерлерді жедім. Бірақ өзіміз қолданатын еттің сапасына әрдайым сенімді болдым. Балалар күн сайын таңертең етті өздері мүшелеп, жаңа фарш тартады. Айналада бәрі тез өзгеріп жатқанда, адамдарға дәмі мен сапасына сенетін орын керек. Қонақтардың тағамға талғамы да өсті. Саяхаттың, Instagram-ның және басқа да дүниелердің әсері бар. Бұрын бургер етінің қалай қуырылғанына көп адам мән бермейтін. Қазір жұрт өзіне қандай дәм ұнайтынын жақсы біледі, қайда барып, ақшасын неге жұмсайтынын ойланып шешеді. Wolt-пен жұмыс Wolt-пен Оралда жүргенде-ақ жұмыс істей бастадық. Басында күмәнім болды: өз жеткізу қызметіміз бар еді, ал агрегаторларға аса қызықпайтынмын. Бірақ байқап көрдік. Wolt арқылы түсетін тапсырыс көбейе бастады. Команда бізді басқа жағынан да қолдады. Журналистерді шақырып, PLAN B туралы жазуға мүмкіндік жасады. Алматыға шығар кезде Wolt-қа тек жеткізу арнасы деп қарамауға кеңес берді. Адамдар жаңа мейрамхананың тағамын көбіне алғаш рет үйіне тапсырыс беріп көреді ғой. Өзім де жеткізу сервистерін жиі қолданамын. Бір күні тамаққа қатысты көп таңдауымды Wolt-та жасап жүргенімді аңғардым. Біздің аудиториямыз да сонда екенін түсініп, осы арнаны дамытуға ден қойдық. Фотосуреттер қостық, арнайы ұсыныстар жасадық, қонақтардың неге қызығатынын мұқият бақылай бастадық. Мұның бәрі өсуімізге көмектесті. Әсіресе Астанада Wolt-тың әсері айқын болды. Ондағы орынның табысы онсыз да бар еді, бірақ Wolt арқылы шамамен 50 пайызға өстік. Қазір кезінде мүмкін деп ойламаған көрсеткіштерге жетіп жүрміз. Жеткізу арқылы тапсырыс бергендердің қаншасы кейін мейрамханаға өзі келетінін нақты айта алмаймын. Дегенмен статистикадан жаңа қонақтардың көп екенін көреміз. Wolt жаңа және бірегей клиенттер, бұрынғы тапсырыстар мен қонақтардың қайта оралуы туралы мәлімет береді. Пікірлерді де үнемі оқимыз: адамдарға не ұнады, нені жақсарту керек? Сол арқылы тағамымызды дамытамыз. Мейрамхана ісіндегі қазіргі қиындықтар Азық-түлік қымбаттап жатыр, ал адамдардың сатып алу мүмкіндігі дәл сол қарқынмен өсіп жатқан жоқ. Мейрамханалар осы екеуінің ортасында қалды. Соңғы жарты жылда ет бағасы шамамен 30 пайызға көтерілді. Бұрын баға жарты жылда немесе жылына бір рет, шамамен 10 пайызға өсетін. Қазір үш айдың ішінде 20–30 пайызға қымбаттап кетуі мүмкін. Сондықтан жұмысымызды үнемі қайта қарап, қай жерде шығынды азайтып, тиімдірек істей алатынымызды іздейміз. PLAN B үшін қазір басты мәселе — осы. Артық шығынның бәрін қонақтың қалтасына салғымыз келмейді. Оның көңілінен шығу мен бизнестің табысты болуының арасынан тепе-теңдік табуымыз керек. Қаланың бір бөлігі болу Оралда ашылған кезден-ақ PLAN B қалаға жарасатын орын болғанын қаладым. Біз ғимараттың тек өзіміз отырған бөлігін емес, бірінші және екінші қабаттағы бүкіл қасбетін қалпына келтіріп, қайта боядық. Жеті жыл бұрын Оралда ғимараттардың сыртқы келбеті мен көшенің үйлесімі туралы көп айтыла бермейтін. Ал мен үшін бұл сол кезде-ақ маңызды еді. Үлкен, айқайлап тұратын маңдайша ілмедік — атауымызды қарапайым әріптермен жаздық. Бір орынның сыртқы көрінісі бүкіл көшеге әсер етеді деп ойлаймын. Бәрінен бұрын адамдарға жақсы көңіл күй сыйлағымыз келеді. Бізге келіп, күнделікті қарбаластан сәл тынығып, дәмді тамақ жеп, өзіңді қуантасың. Көп қонағымыз жұмыстан немесе жаттығудан кейін дәл сол үшін келеді. Алдағы жоспар Биылғы басты мақсатым — жұмыс істеп тұрған орындарымыздың тиімділігін арттыру. Сонымен қатар франшизаны дамытамыз. PLAN B үлгісінің Оралда да, Алматы мен Астанада да жұмыс істейтінін көрдік. Жаңадан бастаушыларға кеңес Егер мейрамхана ісінде тәжірибеңіз болмаса, франшизаларды қарастырып көріңіз. Меніңше, бұл қаражатыңызды тәуекелге азырақ тігудің бір жолы. Тек біздің франшизаны айтып отырған жоқпын, басқа да нұсқалар көп. Қазір нарық құбылмалы, жаңадан бастаған адамға оңай емес. Өзіңізге шынымен ұнайтын істі таңдаңыз: бургерді жақсы көрсеңіз — бургерхана, наубайханалар қызықтырса — наубайхана. Ал бәрін нөлден бастау үшін қабілет те, мықты команда да керек. Өңірлерде ондай команданы жинау қиындау болуы мүмкін.
